Abstract
Елтірі қой шаруашылығында қаракөл қойларын өсірудің әртүрлі аймақтарында жоғары өнімді желілер, зауыттық және тұқымдық типтер қалыптастырылған. Елтірілік қойлар өнімділігінің селекциялық-генетикалық параметрлері алдын-ала анықталған. Нарықтық экономиканың қазіргі жағдайында тауар өндірушілерден сұранысқа ие қаракөл қойларының сирек кездесетін түстері, реңдері және елтірілік типтерін шығару ерекше өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан қара және көк түсті қаракөл қойларының қолда бар генетикалық қорларын сақтау және ұтымды пайдалану ерекше селекциялық маңызға ие. Біздің зерттеулеріміздің мақсаты отандық және шетелдік генетикалық қорларының әлеуетін пайдалана отырып, қаракөл қойларының жаңа жоғары өнімді генотиптерін қалыптастыру болып отыр. Жұмыс Түркістан облысының "Нарбет" шаруа қожалықтарында жүргізілді. Бірінші нұсқада қазақстандық популяцияның біркелкі көк түсті көгілдір реңді жакеттік елтірілік типіндегі аталық қошқарлармен қара түсті жакет типіндегі аналықтарды шағылыстырғанда жакеттік типіндегі қозылардың үлес салмағы 61,9%, ал қабырғагүл, жазықгүл және кавказдық елтірілік типті қозылардың үлес салмағы сәйкесінше 9,5, 3,2 және 25,4% құрап, екінші жұптау нұсқасында өзбекстандық популяцияның біркелкі көгілдір реңді көк түсті жакет елтірілік типті қошқарды жакеттік елтірілік типті қара түсті саулықтармен шағылыстыруда бұл көрсеткіштер сәйкесінше 70,1, 9,0, 3,0 және 17,9% құрайтыны анықталды. Көк және қара түсті қаракөл қойларының қолда бар генетикалық қорын сақтау және ұтымды пайдалану, көк қаракөл қойларын жұптаудың әртүрлі нұсқаларында қозылардың селекциялық белгілерінің тұқым қуалауы анықталды. Қаракөл қойларының көк түсті көгілдір реңді елтірілерінің сапасын жақсарту үшін генетикалық маркер ретінде ақ жүн талшықтарының сандық параметрлерін қолдануды қажет ететіндігі анықталды.