Қазіргі нарық заманының ағымына сәйкес, Республикамызда жылқы шаруашылықтарында мал басының өсуімен қатар, шетелден әкелініп жатқан асыл тұқымды таза қанды жылқылар саны да жыл сайын артып келеді. Жылқы өнімінің импорты мен экспорты ұлғайып, жылқы шаруашығының қарқынды дамуына олардың арасында кездесетін әр түрлі жұқпалы және паразитарлық аурулар кедергі келтіреді. Соның бірі, жылқы шаруашылығының дамуына елеулі экономикалық залал келтіретін жылқылардың эпизоотиялық лимфангиті. Ветеринариялық комитеттің деректері бойынша эпизоотиялық лимфангит (жылқының мандам індеті) жыл сайын Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарының жылқы шаруашылықтарында орын алып отырғаны белгілі. Сондықтан да осы ауруға қарсы арнайы күрес және алдын-алу шараларын жүргізу, жылқының мандам індетінің жасырын түрінде өтуіне байланысты оны балаудың оңтайлы әдістерін табу мақсатында ауру қоздырғышының иммунобиологиялық және морфологиялық қасиеттерін зерттеу өзекті болып табылады. Мақалада ауру жылқылардан бөлініп алынған Cryptococcus farciminosus саңырауқұлақтары түздік изоляттарының ЕПА-да өскен өсіндерінің морфологиялық, антигендік, культуралық, тұрақтылық қасиеттерімен қатар, әр түрлі қоректік ортада өсу мерзімі мен қарқындылығын зерттеу нәтижелері көрсетілді. Аталмыш қоздырғыштан (штаммнан) мандам індетін балау мақсатында серологиялық жиынтық әзірленіп, оған ҚР алдын-ала патенті алынған, апробациялық сынақтан өткізіліп НТҚ дайындалған, АШМ ветеринариялық қадағалау және бақылау Комитетімен келісіліп, тіркеу куәлігі алынған.