Abstract
Мақалада дәстүрлі қазақ қоғамындағы халық білімнің эпистемологиялық және философиялық негіздері қарастырылады. Зерттеуде халық білімі қарапайым тұрмыстық тәжірибелердің жиынтығы ғана емес, рулық жад, қоғамдық сана, әлеуметтік нормалар, салт-дәстүрлік тәжірибе және тіл арқылы қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген біртұтас танымдық, эпистемалық жүйе ретінде пайымдалады. Зерттеудің теориялық негізін этнограф Халел Арғынбаевтың ғылыми еңбектері мен құнды мұрасы құрайды. Оның отбасы институты, неке дәстүрлері, туыстық жүйе мен мал шаруашылығына қатысты халықтың жинақтаған тәжірибесіне негізделген іргелі еңбектері қазақтың дәстүрлі әлемін тарихи реконструкциялаудың маңызды дереккөзі ретінде қарастырылады. Зерттеу барысында құрылымдық-функционалдық талдау, герменевтикалық және салыстырмалы-типологиялық әдістер пайдаланылды. Талдау нәтижесінде халық білімін сипаттаудың үш негізгі өлшемі анықталды: прагматикалық, әлеуметтік нормативтік және онто-космологиялық. Жеті ата институты білімнің шынайылығын айқындайтын құрал ретінде қызмет етеді, ал ырым-тыйымдар мен салт-дәстүрлер танымдық формалар, шежіре болса ұжымдық жадының ерекше бір көрінісі деп саналады. Зерттеу дәстүрлі қазақ қоғамындағы халық білімінің біртұтас эпистемалық жүйе болғанын көрсетіп, Халел Арғынбаев мұрасының осы жүйені тарихи-философиялық тұрғыдан зерделеудегі маңызын айқындайды. Түйін сөздер: халық білімі, эпистемология, дәстүрлі қоғам, Халел Арғынбаев, шежіре, жеті ата, халықтық медицина, қазақ философиясы.