Бұл мақалада 2019-2025 жж. медиадискурстағы гендерлік асимметрия мәселесі қарастырылады. Гендерлік асимметрия – гендерлік лингвистиканың маңызды мәселелерінің бірі. Тілдегі гендерге байланысты әлеуметтік теңсіздіктер-гендерлік асимметрияның негізгі нысаны. Осыған сәйкес мақалада гендерлік асимметрияның негізгі факторы ретінде әлеуметтік теңсіздік пен ұлттық-мәдени стереотиптер зерттелді. Мақалада БАҚ-тағы гендерлік асимметрия Н. Фэркло моделі негізінде қарастырылып, дискурстық талдау нәтижелері берілді. Зерттеуде гендерлік асимметрияда анықталатын әлеуметтік рөл, әлеуметтік-мәдени стереотиптер маңызды фактор ретінде қарастырылды. Бұның негізінде БАҚ-тағы ер адамдар мен әйел адамдарға қатысты қалыптасқан гендерлік фрейминг үлгілері анықталды. Аталған ұғым қоғамдағы ер адамдар мен әйел адамдарға қатысты ерекшеліктерді көрсететін факторлар ретінде қаралады. Зерттеудің мақсаты – дискурстық талдау негізінде гендерлік асимметрия көріністерін анықтау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін egemen.kz сайтындағы мақалалар маңызды ресурстар ретінде қаралып, зерттеу объектісі ретінде алынып, үш деңгейлі талдау жүзеге асырылды. Зерттеу әдісі ретінде алынған дискурстық талдау гендерлік асимметрияның материалдарда қолданыс табуын анықтауға мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижесінде гендерлік асимметрияның БАҚ-тағы көрінісі эмоциялық бояу, гендерлік маркерлер, гендерлік бейтарап тіл көріністері негізінде анықталды. Гендерлік бейтарап тіл көріністері ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік концепциясын айқындай түседі. Зерттеу жұмысының ғылыми маңыздылығы қазақ тіл біліміндегі гендерлік лингвистиканың маңызды мәселесі деп анықталатын гендерлік асимметрияның бағыт ретінде қалыптасуына өз үлесін қосады. Мақала нәтижесінде алынған тұжырымдар қазіргі қазақ қоғамындағы (филологиялық зерттеулерде) гендерлік асимметрияның прагматикалық потенциалын анықтауда практикалық маңызға ие болуы мүмкін.