Abstract
Бұл мақалада қазіргі қазақ прозасының белгілі өкілі Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара» және «Ғибадат» шығармаларындағы діни сана мен философиялық ізденістердің көрінісі талданады. Зерттеу барысында жазушы шығармашылығындағы дін, руханият, адам жанының терең қабаттары мен рухани жаңғыру мәселелері негізгі идеялық өзек ретінде айқындалды. Әдеби талдаудың өзегі ретінде алынған «Мұнара» романы мен «Ғибадат» әңгімесінде автордың діни-философиялық ойлау жүйесін, адамның ішкі әлемін ашудағы көркемдік шеберлігін танытатын маңызды шығармаларының бірі болып табылады. «Мұнара» романында Айгүл Кемелбаева теология ілімінің заңдылықтарын көркемдік тұрғыдан бейнелей отырып, жаратылыс иесінің мінсіздігі мен оның ең асыл бейнесі ретінде ажал ұғымын жан-жақты талдап түсіндіреді. Ажал мұнда тек өмірдің соңы емес, қайта рухтың мәңгілікке өтуін, адам болмысының кемелдікке ұмтылуын танытатын метафизикалық категория ретінде қарастырылады. Жазушы А.Кемелбаева «Ғибадат» әңгімесінде жаратушыны «Асылпана» деп атап, адамзатқа ортақ тажал, яғни өлім мен рухани сынақ туралы терең философиялық ой қозғайды. Шығармада Аллашылдық идея Құран аяттарымен дәлелді түрде баяндалып, сол идея қазақ халқының діни аңыз-әңгімелері мен салт-дәстүрімен тығыз байланыстырылады. Бұл тұрғыда автор исламдық құндылықтарды қазақ дүниетанымымен шебер сабақтастырып, ұлттық руханияттағы имандылық, тәубе, сабыр, кешірім ұғымдарын көркем бейнелер арқылы айқындайды. Зерттеу Айгүл Кемелбаева прозасының діни сана мен философиялық мәнін алғаш рет кешенді түрде зерделеп, оның діни ойлау жүйесін қазіргі қазақ әдебиетінің рухани аясында қарастырды. Жазушы А.Кемелбаева шығармаларындағы діни символдар мен философиялық ізденістердің көркемдік қызметі ашылып, жан-жақты талданды. Зерттеу нәтижелері қазақ әдебиетінде діни-философиялық бағыттағы прозаның қазіргі даму үрдісін тануға, рухани тақырыптарды ғылыми тұрғыда талдауға және әдеби дәстүр сабақтастығын айқындауға мүмкіндік береді.