Бұл мақалада физика сабақтарында бағдарламаланған оқыту технологиясын қолданудың ерекшеліктері мен оның оқушылардың белсенді ойлау дағдыларын қалыптастырудағы маңызы қарастырылады. Бағдарламаланған оқыту әдісі білім алушылардың жеке қарқынына сәйкес оқу материалын жүйелі түрде меңгерілуін қамтамасыз етіп, оқыту процесінде кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Білім беру процесінде бағдарламаланған оқыту технологиясын қолдану оқытушының рөлін түбегейлі өзгертеді: ол енді тек білім жеткізуші емес, оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастырушы, олардың жеке оқу траекториясын бағыттаушы, әр оқушының қабілеті мен қарқынын ескеретін кеңесші әрі серіктес ретінде қызмет етеді. Мұндай жағдай мұғалім мен оқушы арасындағы педагогикалық қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастырады, мұнда оқушылардың дербестігі, жауапкершілігі мен белсенділігі артады, ал мұғалім оқушылардың ойлауын дамытуға ықпал ететін әдістемелік құралдарды шебер қолдана білуі тиіс. Зерттеу барысында бағдарламаланған тапсырмалар мен модульдік құрылымдағы сабақ үлгілері талданды, олардың оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға, сыни және логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал ететіні көрсетілді. Мақаланың практикалық бөлімінде бағдарламаланған оқыту әдісін қолдану арқылы физика курсының мазмұнын тиімді меңгертуге арналған әдістемелік ұсыныстары берілген.