Мақалада қазіргі қазақ жастарының бойында кездесетін рухани жатсыну көріністері философиялық және психологиялық тұрғыдан пәнаралық негізде талданады. Жаһандану дәуіріндегі идентификациялану дағдарысының рухани ерекшеліктеріне баса назар аударатын философиялық-психологиялық идеялар мен тұжырымдары зерделенеді. Жастардың дәстүрлі мәдениет пен қазіргі жаһандану сын-тегеуріндерінің тоғысында болғандықтан, ұлттық бірегейлік пен жаһандық біртұтас мәдениет арасындағы қақтығыстардан тыс қалмайтыны аксиологиялық талдау арқылы айқындалады. Мақаланың мақсаты – жатсыну мәселесіне қатысты ғылыми зерттеулерді саралау негізінде қазіргі әлеуметтік ортадағы жастар жатсынуының ерекшеліктерін айқындау және философиялық идеялар мен психологиялық талдауларды тоғыстыратын пәнаралық тәсілдің ғылыми маңызын негіздеу. Зерттеу нәтижелері жастардың рухани құндылықтардан алшақтау себептерін, ұлттық сана мен дүниетанымның қалыптасуындағы ішкі қайшылықтарды айқындауға мүмкіндік береді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізетін әлеуметтанулық зерттеу деректері талданып, қазақ жастарының отбасы мен денсаулық сияқты дәстүрлі құндылықтармен қатар кәсіби даму мен материалдық әл-ауқатқа да басымдық беретіні көрсетіледі. Жатсыну ұғымы философиялық тұрғыда дәстүр мен модернизация арасындағы тепе-теңдік, ал психологиялық тұрғыда қауіпсіздік пен өзін өзектендіруге ұмтылыс ретінде қарастырылды. Қорытындыда білім беру бағдарламаларын, мәдени бірегейлікті нығайтуды, өмірдің материалдық және рухани аспектілері арасындағы үйлесімділікке қол жеткізуге бағытталған философиялық және психологиялық тәсілдерді интеграциялау арқылы бұл құбылысты еңсеру бойынша ұсыныстар беріледі. Кілтті сөздер: рухани жатсыну, руханият, қазақ жастары, құндылық бағдарлар, философиялық талдау, психологиялық талдау, әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері, пәнаралық байланыс.